ҚАЗАҚТЫҢ ЖАУЛАРЫ КІМДЕР?
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне осыдан бірнеше жыл бұрын студенттер кездесуге шақырды. Студенттерді Алаш идеясымен қолдан келгенше таныстырдық. Бір ай өткен соң, жаңағы балалар тағы келіп тұр. "Не болды?" - деймін ғой. Олар:"Біз екіге бөлініп таласып жатырмыз" - дейді. "Не болып қалды?". Олардың жартысы: "Қазақ халқының жауы - Әлихан Бөкейхан. "Алашорда" үкіметі - қазақ мемлекеттігін сатқан үкімет. 1991 жылға дейін Қазақ мемлекеттігі болған жоқ, шекара болған жоқ. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік жариялаған соң ғана, шекара анықталды", - деседі. Қалған жарты топ шыр-пыр болып оларға қарсы шығады.
Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізді. Бұл - шындық. Ал, қалған уәждері көкейге қонбайды ғой. "Мұны қайдан шығарып алдыңдар?" - деймін ғой оларға. Олар беттері бүлк етпестен: "Тарих пәнінен беретін ұстаздар солай дейді, тарихта солай жазылған", - деседі. Мен таңғалдым. Тарих ғылымы-ның осыншалықты көрсоқырлыққа ұрынғанына жағамды ұстадым. Ең құрмаса тарихи оқиғаны, түрлі жағдайларды рет-ретімен жүйелеп, ақ-қарасын ашып, түсіндіріп, шәкірттеріне ұсынуға болар еді ғой. Сөйтсем, сондай тағылым беретін жалған оқулық жазылыпты. Біз қазір сол жалған тұжырымдардың өзін ғылым деп зерттей бастадық. Мен ғылымдағы мұндай топастықты, можантопайлықты, тіпті айт-қым да келмейді. Бірақ айтпасаң, сөздің ғана атасы өлмейді, қазақ өлейін деп тұр.
Жалған ғылымның жалданып, өз өтіріктеріне өздерінің сенгені сондай, қазір Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқайды қарсы қойып, онда да Әлиханды төмендетіп, Мұстафадан Бөкейхановтан да зор ұлттық көсем жасағысы келетіндер пайда болды. Солай істеп те жатыр. Мұны мемлекет те қостап, дем беріп отырған сыңайлы. Оның астары терең, пиғылы арам, бұл - ұлттық берекенің емес, әрекенің, алашты ірітудің саяси айласы. Бар сылтауы - түркістандық идеологияны насихаттау деген желеу. Ал түркістандық идеология - түркі идеясы емес, ол өзінің маңызын жойған, жүзеге аспаған, уақытша саясат арқылы жүзеге асырылуға ұмтылған мемлекеттік құрылым. Ортақ Түркістан мемлекетін құру идеясын ұсынған большевиктер Оның авторлары - Ленин, Троцкий, Сталин, солар жіберген кеңес үкіметінің өкілдері - Түркістан коммунистік партиясының бірінші хатшысы, Түркістан Атқару комитетінің төрағасы, "Мусбюро", "Түркістан комиссиясы", жергілікті ұлт өкілдерінен Тұрар Рысқұлов, Усманқожаев, Қожаев және ... Мінәуар Қари, Мұстафа Шоқай. Бір сөзбен айтқанда, идеяның авторлары мен орындаушылары осылар. Әрине, Мінәуар Қари мен Мұстафа Шоқай большевиктерсіз Түркістан мемлекетін құруды көздеді. Мұны түсіну үшін сол тұстағы партиялық құжаттарды парақтап шықса жетіп жатыр. Кексе тарихшылар партиялық құжаттарды жатқа біледі, ал бөзөкпе тарихшылар - саяси сауатсыздық пен тарихи сауатсыздықты жою мектебінен өтпегендер. Әйтпесе, Қоқан автономиялы республикасының тұңғыш премьер-министрі Мұхамеджан Тынышбаев ай жарым уақыттан кейін неге лауазымнан бас тартты? Ол кезде бұрынғы Бұқара мен Хиуа, Қоқан хандығы өз алдына дербес мемлекет болатын. Өзгесін былай қойғанда, осы үш мемлекет бір-бірін мойындап болмаған. Большевиктер соның басын біріктіру үшін ортақ Түркістан мұсылман мемлекетін құруға мүдделі болды. Тарихшылар көбіне істің мән-жайына сол кездегі қалыптасқан тарихи жағдайға байланысты баға бермей жатып, үстірт, жалаң идеяны көбіршіктендіріп бетінен қалқып кетуге бейімделіп барады. Бұдан сақ болған жөн. Оның ар жағында қандай астар бар? Соны ашып, нақты бағалап, тәуелсіз Қазақстанға пайдасы тиетін тұжырымды ұсынғаны жөн шығар деп ойлаймын. Бір мысал айтайын, бір тарихшы доктор, профессор бауырымыз кеңесте былай деп сөйлеп тұр: "Алаштың қателігі - Түркістан идеясын мойындамағаны", - дейді. Шыдамадым, өз пікірімді білдірдім. "Егер Алаш партиясы, яғни, "Алашорда" үкіметі Түркістан идеясын мойындайтын болса, онда қазіргі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті болмаған болар еді. Ал қазақ мемлекетінің, ары кетсе Т.Рысқұлов пен С.Қожанов, М.Шоқай ұсынғандай, жалпы Орта Азия мемлекеттерінің құрамында, бес облыстың көлемінде өмір сүріп жатқанын қайтіп көз алдыңызға елестете аласыз. Және сол кезеңдегі тарихи, саяси, шекаралық жағдай қандай еді?" - деп сұрақ қойдым.
Үндемейді. Шынтуайтына келгенде, ол кезде солтүстік алты облыс - Семей, Қарағанды, Ақмола, Көкшетау, Кереку, Қызылжар Батыс Сібірге, ал солтүстік батыстағы - Торғай, Қостанай, Орал облыстары Орынборға, Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Атыраудың жартысы, Маңғыстау түгелдей Түркістанға қарайтын. Міне, қазақ жері осылай үшке бөлініп жатты. Ал "Алашорда" автономиясы сол кездегі Торғай, Қостанай, Орал, Орынбор аймағын ғана қамтыды. Осыны ескере келе "Алаш" басшылары: қазақ жерінің қидаланған тұстарын біріктіре отырып, тәуелсіз Қазақ мемлекетін құруды ұлттық және саяси мақсат етіп қойды. Бұны ұсынып отырған, әрине, Шоқай емес, Бөкейханов.
Енді Мұстафа Шоқайға келейік. 1918 жылы түске дейін өткен жиналыста Мұстафа Қоқан мемлекетінің төрағасы болып сайланды, алайда екі жарым сағаттан кейін қызылдардың шабуылы басталып, Шоқай бас сауғалап ол жерден әзер қашып құтылған еді. Міне, көрдіңіз бе, Қоқан мемлекеті де, Бұқар мемлекеті де, Хиуа мемлекеті де Түркістанды және оның жаңа премьер-министрін мойындап үлгерген жоқ. Егер де Тұрар Рысқұлов айтқандай, Түркістан мемлекеті құрылатын болса, онда осы күнгі Қазақстанға қандай сыбаға бұйырар еді, шығыстағы, солтүстіктегі, батыстағы облыстар қайда қалар еді? Өздеріңізге мәлім, біз өзбектен "Түркістан" деген атауы ғана бар, он-он бес үйден құралған ауылды қайтарып ала алмай қойдық. Ал бес облысты олар өлсе бере ме бізге. Жоқ. Ешуақытта. Батыс Қазақстансыз қандай Түркістан мемлекеті болуы мүмкін. Сондай-ақ, Батыс пен Шығысты Сібір мемлекеті, яғни, Ресей мәңгі бақи бізге бермес еді. Міне, түркістандық идея дегеннің астарында осындай тарихи кілтипан жатыр. Ал "алашордашылар және С.Сәдуақасов бастаған жас қайраткерлер Қожановқа қарсы болды" дейді біздің оппонентіміз. С.Қожановтың идеясы не еді? Қожанов: "Түркістан республикасы болсын, бірақ осыған қарайтын бес облыс Қазақ автономиясы болып жариялансын", - деген ұсыныс айтты. Ол: шығыс, солтүстік, батыс облыстардың қосылуын қалыс қалдырды. Сонда бұл да алаш қайраткерлері қолдайтын ұсыныс па? Сол автономияның өзіне Т.Рысқұлов үзілді-кесілді қарсы шықты. Яғни бұл - кезіндегі біртұтас қазақ елі мен жерін бөлшектеу болып шығады. Олардың идеясы жүзеге аса қалса, бүгін Торғай мен Орал өңірі ғана Қазақстанның территориясы болып қалар еді. Бөкейхановтар айтысып-тартысып отырып, бөлшектенудің аз-ақ алдында қалған қазақ жерін біртұтас орда болатындай етіп, 1920 жылы 24 тамыз күні Лениннің қолымен мәңгілік бекіттірді ғой. Сонда бұл да қателік пе? Біз Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі мен жерінің шекарасын мойындайтын болсақ, осы идеяны да мойындауымыз керек қой. Алаш ардагерлері: "Бір-бірімен тату болмады, айтысты, тартысты", - деседі. Әй, мемлекет пен ұлт тағдыры жаңағыдай бөліске салынып жатса, неге айтыспайды! Оларда: "Бір адамның, яғни, Бөкейха-новтың айтқанын ғана тыңдайық, соны ғана мойын-дайық", - деген мойынсалды пікір жоқ қой. Мемлекет енді ғана құрылайын деп жатыр. Ол қандай болмақ, жер көлемі қандай, заңы қандай болмақ, идеологиясы, ішкі-сыртқы саясаты қалай өрілмек, бағыты не? Демек, осы мәселеге келгенде, сөз жоқ, айтыс-тартыстар, пікірталастар, өзара сын орын алды. Бірақ сол ортаға салынған пікірлер бір-бірін толықтырудың нәтижесінде түбі осындай іргелі елге айналдық емес пе? Ал, жеке бастарына келетін болсақ, Әлихан мен Мұстафа аға мен інідей, ұстаз бен шәкірттей болған. 1914 жылы Бүкілресейлік Мұсылмандар мәжілісінің қарсаңында Санк-Петербургта оқып жүрген Мұстафа Шоқайды Әлихан Бөкейханов шақыртып алып: "Сен қоғамдық іске аралас, қазір мұсылмандар құрылтайы өткелі жатыр, соған құжаттарды даяр-лас. Сол жиында тұңғыш рет тәуелсіздік жөнінде мәселе көтеріледі. Соған көмектес", - деп іс қағаз-дарды әзірлеуге тартқан еді.
Мұстафа Шоқай - бірегей, үлкен тұлға. Оған дау жоқ. Ол - репрессияның құрбаны. Елім дегенде етегі жасқа толып, өз елінде отарлаушы билік тарапынан қысым көріп, өмірі қыл үстінде өткендіктен жан сауғалап, шет елдерде жүрді. Бірақ, онда да қазақтың мүддесі, ұлттық қамы үшін аянбады. Түркістан идеясы үшін күресуден тайынбады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары оның шығармаларының жарыққа шығуына да араласқанмын. Оқыдым, таныдым. Халықаралық деңгейдегі ірі саяси қайраткер. Бірақ біз тұлғалардың еңбегі мен орнын дұрыс ажырата білуіміз керек. Өйткені онда ұлт тағдыры жатыр. Тағы бір мәселе, осы күнге дейін біз өткен тарихымыздың ақ-қарасын ажыратып, дұрыс бағаламай келеміз. Біз 1922 жылғы аштықты айтпаймыз, тек 32 жылғы аштыққа, 37 жылғы зобалаңға тоқталамыз. 1927 жылғы тәркілеуді ай-тамыз. Бірақ осы нәубеттердің бәріне кім кінәлі? Сол кездегі ащы шындықты неге мәймөңкелемей бетке айтпасқа? Бар кінәні Голощекинге үйіп-төгеміз. "Сол келді де құртты" - десеміз.
Егер, тарихқа әділ баға бергіміз келсе, 1924-25 жылдары "Қазақстанды қазақ басқара алмайды" деп Сталинге хат жазған Тұрар Рысқұлов пен Сәкен Сейфуллинді неге айтпаймыз? Аттарын неге атамаймыз? Біреуінің 37 бет, екінші-сінің 47 бет хаты бар. Екеуі де Сталинның қабылдау-ында болғандар. Содан, екі жарым айдан кейін Сталин Голощекинді Қазақстанға жіберді емес пе? Рысқұлов Мәскеуге кетті, Сейфуллин халық комис-сарлар кеңесінің төрағасы қызметінен алынды. Міне, тапқан пайдалары. Осыны біле тұра біз неге бәрін "Қу жақтан" көреміз. Ол бұл жаққа сұранып келген жоқ қой. Өзіміз ғой, "қазақты қазақ басқара алмайды" деп өзге ұлттың өкілін шақыртқан. Осыған неге қазір баға бермейміз. Ойбай Смағұл Сәдуақасов қарсы болды деседі. Смағұл соған қарсы болды. Ол: "Қазақстанды басқара алатын қазақ азаматтары бар. Қазақстанға өнеркәсіп салу керек. Біз жүнді неге Қазақстанда қырқып, Өзбекстанда жудырып, Ресейдің Иванов қаласында тоқытамыз? Неге осының барлығын бір жерде істетпейміз? Бүйте берсек, шикізаттың республикасы болып қаламыз ғой", - деп сол кездің өзінде Сәдуақасов шырылдады емес пе? Сондай-ақ, ол "оқу-ағартуды, мемлекеттік тіл - қазақ тілінен бастауға тиіспіз" - деді. Сол үшін жергіліктендіру деген заң қабылдаттырды. Ойбай, бұл ұлтшыл дестік. Оған қарсы күрес басталды. Осының бәрін талдап, қысқасы бұлақтың басын ашуға тиіспіз ғой.
Екінші, "Алашордашылар ұсталсын, тәркілеуге бөгетін тигізеді, мойынсерікке қарсы көтеріліс бастайды. Осы науқан тездетілсін" - деп "Ақжол" газетін жаптырған кімдер? Тағы манағы екеуі. Мұның бәрі архивтерде қаттаулы тұр. Көзі жетпе-гендер, маған сенбесе архивке барып, сөрені ақта-рып, таныссын. 1927 жылы тәркілеуде қазақ халқы үлкен күйзеліске ұшырады. Мәскеуден арнайы сапармен Қазақстанға келіп, коллективизация тездетілсін деп, комиссия құрып, басқарып, баяндама жасаған кім? Елтай Ерназаров секілді адамдарды жан-жаққа аттандырып, тәркілеуді жеделдеттірген, иісі қазақтың малын ортаға салуға үгіттеттірген кім? Тағы сол Рысқұлов. Иә, сол жолы ол темір жол құрылысын бастады. Сөз жоқ, ұлы тірлік. Темір жол еліміздің дамуы үшін үлкен рөль атқарды. Мұны мойындаймыз. Бірақ әлгіндей істерін қалай ақтап алуға болады?
Ал, 1932 жылы Исаев екінші хатшы, сонымен қатар Құлымбетов пен Құрамысовтар мемлекетті ұстап отырды. Шаруашылық бәрі осылардың қолында. Бірақ аштан қырылғандар есіктерінің алдында үйіліп жатты. Комсомолдар өліктерді күн-түн демей жинап әкетіп отырды. Оны Голощекин де, өзгелер де біледі. Бір шара қолдануға болар еді ғой. Бір жыл емес, халықтың аштан қынадай түсіп жатқанына екінші жылға аяқ басты. Сонда деймін ғой, мемлекет не істеп отыр. Көрсоқыр ма сонша! Жағдай солай бола тұрса да, оны мойындағысы келмеген Құрамысов былай дейді: "Халық жаулары, яғни алашордашылар (ол кезде барлық алашорда-шылар түрмеге түскен, атылатыны атылып, қалғаны айдауда еді - Т.Ж), халық шаруашылығында күйзеліс бар дейді. Бұл - сол алашордашылардың шығарған өтірігі. Біз қажет болса, революция үшін барлық қазақ халқын құрбанға шалуға даярмыз", - деп баяндама жасаған. Мұны айтқызып отырған кім? Әрине, дәл осы сөзді Мәскеу айтқызған жоқ. Қазақтардың өздері айтып отыр. Қазір солардың аттары аспандап тұр. Көшелер берілген. Есімдері құрметпен еске алынып отырады. Ораз Исаевтың 1932 жылғы күзде Қазақстанның жағдайы туралы даярлаған анықтамасы бар. Соның негізінде 1932 жылдың аяғында Тұрар Рысқұлов Голощекин туралы Сталинге хат даярлаған. Ол кезде қырылатын адам қырылып, ақ сүйек болып қалған еді. Голощекин орнынан алынды. Осы аштыққа байланысты әу баста қарсылық білдірген, сол үшін қамалғандар болды. Өкінішке қарай, солардың істері әлі ашылмай жатыр. "Бесеудің хатындағы" бесеуді неге айтпаймыз? Одан кейінгі 37 жылдың да көптеген шындықтары әлі толықтай ашылған жоқ.
Енді бір ойым, "Біртұтас Алаш идеясы" деген тек құжаттарға құрылған бес түрлі жүйеге бөлінген тұжырымдаманы жарыққа шығару, қазақ ұлтының алдында Алаш ардагерлерінің еңбектерінің ішіндегі идеясын алып тұжырымдап шығару міндеті тұр. Біз әлі күнге олардың сотталғанын, қуғындалғанын, түрмедегі өмірлерін айтумен жүрміз. Бұл да керек. Бірақ олардың әрқайсысын көлеңкеден алып шығып, жан-жақты зерттеп, талдап елге ұсына білуіміз қажет. Біз сонда ғана ұлттық идеямызды негіздейміз. Сол Алаш идеясы тұжырымдалып біткен кезде, ортаға Алаш идеясы шығады. Сол ұлттық идея болуы тиіс. Мен сол күнді армандаймын.
Тұрсын ЖұртбаЙ
жазушы, әдебиетші-ғалым
